5 мамыр – Дүниежүзілік қол гигиенасы күні. Бұл күн бүкіл әлемде қол тазалығының адам денсаулығын сақтаудағы маңызын насихаттау, жұқпалы аурулардың алдын алу және халықтың санитарлық мәдениетін арттыру мақсатында атап өтіледі. Биылғы іс-шаралар «Таза қол – өмірді сақтайды!» ұранымен өтуде.
Күннің дәл 5 мамырға белгіленуі де ерекше мәнге ие. Бұл дата адамның екі қолындағы бес саусақты бейнелей отырып, қол жуу мәдениетінің маңыздылығын еске салады. Қарапайым ғана қол жуу дағдысы көптеген аурулардың таралуына тосқауыл қойып, адам өмірін сақтауға ықпал етеді.
Осы атаулы күнге орай аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлері арасында арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – медицина мамандары мен тұрғындар арасында қол гигиенасын сақтау мәдениетін кеңінен насихаттау, тазалықтың денсаулық кепілі екенін дәріптеу.
Флешмоб барысында қатысушылар қолды дұрыс жуу ережелерін көрсетіп, күнделікті өмірде қарапайым тазалық талаптарын сақтау әрбір азаматтың денсаулығы үшін маңызды екенін атап өтті. Мұндай шаралар қоғам назарын денсаулықты сақтауға бағыттап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосады.



















