"Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жуалы аудандық орталық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны
0
ҮСІК ШАЛҒАНДА КӨРСЕТІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

 

ҮСІК ШАЛҒАНДА КӨРСЕТІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

Қыс мезгілінде -10, -20 градуста, әсіресе, ауа өте ылғалды және күшті жел кезінде адамды үсік шалуы әбден мүмкін. Аязды күндерде дымқыл және тар аяқ киім киюге, ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз немесе ыңғайсыз күйде отыру - оған бірден-бір себеп.
Үсіктің 4 дәрежесі болады:
• І дәрежелі – аса жеңіл түрі. Тері жансызданбайды, тек аздап шаншу, күюді сезінеді. Содан соң тері қышиды және ауырады. Бірақ аса мәнді дәреже емес;
• ІІ дәрежелі – зақымданудан кейінгі теріде пайда болатын түссіз сұйықтыққа толған көпіршіктердің орын алуынан байқауға болады;
• ІІІ дәрежелі - тері бетіндегі көпіршіктердің қанды сұйықтыққа толы болуымен және түптерінің қоңыр-көк түсте келуімен айқын көрінеді. Ол ІІ дәрежеге қарағанда күрделірек болады. Мысалы, тырнақ түсіп қалған жағдайда екінші рет қайта өспейді немесе пішіні бұзылып өседі;
• ІV дәрежелі - терінің ғана емес, сонымен қатар астындағы жұмсақ тіндердің (сүйектер мен буындарға дейін) жалпы некрозымен көрінеді. Терінің жарақат алған жерлері көкшіл болып, жылынған соң күрт ісінеді, көпіршіктер болмайды, терінің сезімталдығы қалпына келмейді, кейіннен ісік дамиды. Зардап шеккен аймақтар жансыздануға ұшырайды.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕК КӨРСЕТУ
Ең алдымен, зардап шеккен адамды жылы бөлмеде жылыту керек. Қатып қалған киімдерді, шұлықты шешіп, барынша көрпеге орау қажет. Алайда, оны қолмен қатты ысқылап, массаж жасаудың керегі жоқ. Себебі, үсіктің дәрежелері әр түрлі болуы мүмкін және ол ондай көмек беру нормаларына пайдасын тигізбейді. Керісінше, жағдай қиындап күрделенеді. Егер қатты үсік алып, дене температурасы 34 градусқа дейін түссе, міндетті түрде жедел жәрдем шақырған абзал.