Жүктілік кезіндегі темекі шегуге бола ма?
Болмайды. Жүкті емес адамдардың да темекі шегулері денсаулықтарына зиян болмаса, ешқандай пайда бермейді. Ал ерекше күтімді қажет ететін, яғни аяғы ауыр әйелдің темекі шегуі орны толмас зардаптарға соқтырады. Өйткені жүктілік кезінде темекінің зияны еселене түседі.
Мен темекі шегемін. Аяғым ауырлаған уақыттан бастап темекі шегуді доғарсам, болашақ балама әсері қандай болады?
Сіз темекіні тастаған уақытта уланған ағзаңыз бір сәтте тазарып қалмайды. Толықтай тазару үшін бірнеше айлар керек, сол уақытта дұрыстап күтініп, дұрыстап тамақтану керек. Ал жүктіліктің де бірнеше айға созылатынын ескерсек, сіздің аяғыңыз ауырлаған сәттен бастап темекі шегудің доғаруыңыздың зияны болашақ балаға тимей қоймайды. Бірақ бұл жерде зияндылықтың мөлшерінің шылым шеккен жадайдағымен салыстырғанда әлдеқайда аз болатындығын ескеру керексіз. Қорыта айтқанда, жүктілік басталғанда зиянды әдетті қойғаныңыздың пайдасы бар, ал одан көп уақыт алдын доғарсаңыз, тіптен жақсы болады.
Көріп жүрмін, темекі шексе де аман-есен бала туатын әйелдер бар. Неге олардың балаларына темекінің зияны тимеген?
Ешқандай маман сізге: «Темекінің зияны туылған баланың сыртқы көрінісінен білінеді» деп, нақты жауап бермейді. Баланың денсаулығы сыртқы түріне байланысты емес. «Сырты – бүтін, іші – түтін» демей ме дана халық. Сол айтқандай сырттан қараған адамдар баланың денсаулық жағдайының қай деңгейде екендігін анықтай алмайды. Темекінің зияны міндетті түрде болады.