Елімізде соңғы кездері қан айналымы жүйесі аурулары күннен-күнге артып барады. 1999 жылдың 26 қыркүйегінде Дүниежүзілік Жүрек Федерациясының бастамасымен жүрек ауруларының қауіптілігін насихаттау мақсатында Бүкіләлемдік жүрек күні ұйымдастырылды.
2000 жылдан бастап, әлемнің 100-ден астам елінде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Дүниежүзілік жүрек күні атап өтіліп келеді.
Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің саябағында Сейітхан Жошыбаев басқаратын Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы мен Жамбыл облыстық ауруханасының мамандары «Өз жүрегіңді сақта» акциясын өткізді.
Аталмыш іс-шараны өткізудің мақсаты — қоғамда қан айналу жүйесінің жүрек ауруларының пайда болуының алдын алу және онымен ауырмау үшін халықты сақтық шаралармен ақпараттандыру.
Орталықтың білікті мамандары облыстық аурухананың арнайы жарақтандырған медициналық кешендері ішінде тұрғындарға тегін медициналық тексерулер жүргізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты нығайту, артық салмақтан арылу, жүрек қан-тамыр аурулары қаупінің алдын алу туралы кеңестер берді. Оған келгендер артериялық қан қысымын, бойын, салмағын өлшетіп, жүрек аурулары жөнінде білімдерін сауалнама мен викторинаға қатысып анықтады. Сонымен қатар, қосымша медициналық тексеруден өтуді қажет еткен азаматтарға жолдамалар беріліп, тиімді тамақтану бойынша ақпараттық жадынамалар мен бүктемелер таратылды. Аталмыш акция барысында 200-ден астам адамнан жүрек ауруы анықталып, олардың 96-сына орталыққа келіп емделуге бағыттама берілді.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз орталығы